Жаңалықтар

22 қазанда  М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінде Жамбыл облысы бойынша ғылым жөніндегі кеңестің отырысы өтті.

Жиында ғылым мен инновацияға инвестиция тарту, ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізу, бизнес пен ғылыми ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды.

Іс-шара аясында «Жамбыл облысының ғылыми жетістіктері» атты инновациялық жобалар көрмесі ұйымдастырылып, өңірдің ғылыми әзірлемелері, инновациялық өнімдері мен жаңа технологиялары таныстырылды.

Кездесу қорытындысында ғылым мен бизнестің байланысын дамыту, ғылыми жобаларды бірлесіп қаржыландыру және ғылыми жетістіктерді экономика салаларына енгізу бағыттары бойынша басым міндеттер айқындалды.

Ғылым мен өңдірістің өзара ықпалдастығы өңірдің инновациялық әлеуетін арттырып, экономиканың дамуына жол ашатын маңызды қадам.

 М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті заманауи оқыту технологияларын енгізіп, студенттер мен оқытушылар үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыру арқылы цифрлық білім беруді қарқынды дамытуда.

Осы бағыттағы маңызды жұмыстардың бірі – университеттің Open edX білім беру платформасын дамыту. Бүгінде платформада 89 жаппай ашық онлайн-курс (ЖАОК) орналастырылған. Қаржылық сауаттылық бойынша онлайн-курстардан 3 500-ден астам студент білім алды.

 Сонымен қатар университетте цифрлық білім беру контентін әзірлеу жұмыстары белсенді жүргізілуде. EdSmart интерактивті студиясында оқытушылардың қатысуымен 175-тен астам бейнематериал дайындалып, олар жаңа білім беру ресурстарын құруға негіз болуда.

 Халықаралық Coursera платформасында авторлық курстарды ілгерілетуге ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінде Dulaty University осы платформада бірден көп авторлық курсы бар Қазақстанның 9 жоғары оқу орнының қатарына кіреді. Қазіргі уақытта университеттің екі авторлық курсы жарияланған, ал «Домбыра үйренуді бастаушыларға арналған курс» жарияланар алдында сараптамалық бағалау кезеңінен өтуде.

 Алдағы уақытта жаңа онлайн-курстар әзірлеу, халықаралық білім беру ынтымақтастығын кеңейту және цифрлық технологияларды оқу үдерісіне одан әрі енгізу жоспарлануда.

Dulaty University – шекарасыз білім алудың жаңа мүмкіндіктерін ашамыз! 

 

 

 М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінде еліміздің ең дарынды жастарын біріктірген республикалық «SHABYT» шығармашылық фестивалі өз мәресіне жетті. Халықаралық креативті индустриялар форумы аясында ұйымдастырылған бұл ауқымды шара ұлттық мәдениет пен заманауи өнерді ұштастырған бірегей мәдени алаңға айналды. Фестивальге еліміздің 7 өңірінен 11 жетекші жоғары оқу орнының дарынды жастары қатысты.

Фестивальдің ашылуында Дулати университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева аталмыш іс-шараның ерекшелігі мен жоғары оқу орындары арасындағы мәдени байланыстың маңыздылығы туралы ой қозғады.

Қатысушылар  вокал және хореография бағыттары бойынша өзара бақ сынасты. Байқау талабы бойынша қатысушылар екі ұлттық би билеу қажет, ал вокал бағытында қатысушы жанды дауыста патриоттық  және еркін тақырыпта  ән айтады. Патриоттық сарындағы ән қазақ тілінде болу керек.

Тартысты доданың нәтижесінде  хореография бағыты бойынша ұлттық биден Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті I орынды иеленсе,  М.Әуезов атындағы оңтүстік Қазақстан университетінің бишілері гран-приді жеңіп алды. Заманауи би бойынша Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институты I орынды иеленсе, Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университетінің өнерпаздары бас жүлдені жеңіп алды. Вокал бағытында «Тұран-Астана» университетінің студенті Дінмұхаммед Қолдас қарсыластарынан басым түсіп I орынды иеленсе, А. Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің өнерпазы Нұрай Көдербекова бас жүлдені жеңіп алды. Жеңімпаздар арнайы грамоталармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Шығармашылық шеберліктерін сынаған дарынды жастардың өнерін елімізге белгілі мәдениет және өнер саласының мамандарынан құралған қазылар алқасы саралады. Вокал бағыты бойынша Айгүл Мақашева мен Ғани Мәтебаев қазылық етсе, хореография бағыты бойынша Қуат Тәукеев, Айжан Нұрманалиева және Айжан Қонарбаева студенттердің өнерін бағалады.

Өнер фестивалі жастардың шығармашылық әлеуетін ашуға, креативті индустрияны дамытуға және жоғары оқу орындары арасындағы мәдени байланысты жаңа деңгейге көтеруге үлкен серпін берді.

Креативті индустриялар форумындағы маңызды сәттің бірі – «SHORT VISION – ҚЫСҚА ШОЛУ» кинофестивалі.

Кинофестивальге еліміздің жоғары оқу орындарынан 27 қысқаметражды фильм түсіп, 10 туынды қабылданған болатын.  Дулати университетінің бас ғимаратында үздік қысқаметражды фильмдер көрермен назарына ұсынылды. Кино мен театр саласы мамандарынан құралған қазылар алқасының шешімімен үздік туындылар арнайы номинациялармен марапатталды.

 М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің «Толық адам» залында «Жалаңтөс батыр – түркі халықтарының ортақ тұлғасы» атты шағын ғылыми конференция өтті.

 Іс-шара «Білім берудегі тарих және география» кафедрасының «Мұрагер» үйірмесі аясында Идрисова Г.Б.-ның ұйымдастыруымен өткізілді. Конференцияға кафедра меңгерушісі Садыкова А.К. және Жамбыл облыстық «Әйтеке би» қорының өкілдері қатысты.

 Жиынға Философия және саясаттану кафедрасының доценті Р.Е. Джуншеев пен аға оқытушы Э.Ж. Куандыкова қатысып, баяндамалар бойынша өз пікірлерін білдірді.

 Іс-шараға Жамбыл облысы мен Тараз қаласының мектеп оқушылары және мұғалімдері, Жамбыл политехникалық колледжінің және басқа да колледждердің студенттері мен оқытушылары, М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің тарих мамандығының 1–4 курс студенттері мен магистранттары қатысты. Қатысуға өтініш білдірген студенттер мен оқушылардың жалпы саны 40-қа жуық болды. Іріктелген 30 мақаланың авторлары өз зерттеулерін конференцияда қорғады.

 Конференцияның мақсаты – Жалаңтөс батырдың тарихи тұлғасын, түркі халықтарының ортақ тарихындағы орнын және тарихи-мәдени мұрасын зерделеу, жастардың тарихи танымын кеңейтіп, ғылыми ізденістеріне қолдау көрсету. Жиында батырдың өмірі мен қызметі, түркі халықтарының тарихи байланыстары және ортақ мұраны зерттеу мәселелері талқыланды.

 Іс-шара барысында «Тарих мұғалімін даярлау» мамандығының 4-курс студенттері, үйірме мүшелері Мирзакулова А.П., Абдуллаев Н.Н., Қалдыбек А. және Еркін Ұ. белсенділік көрсетті.

 Конференция қорытындысы бойынша мазмұнды баяндама жасаған қатысушыларға І, ІІ және ІІІ орындарға арналған жүлделі дипломдар берілді. Қалған қатысушылар сертификаттармен марапатталып, белсенділік танытқан ғылыми жетекшілерге алғыс хаттар табысталды.

 Сонымен қатар жеңімпаздар Жамбыл облыстық «Әйтеке би» қорының демеушілігімен Самарқанд және Ташкент қалаларына арнайы экскурсиялық турға жолдама жеңіп алды. Бұл сапар жастарға тарихи-мәдени орындарды аралап, түркі халықтарына ортақ мұрамен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді.

Taraz Creative Industries 2026 Креативті Индустриялар форумының екінші күні «Идеядан өнімге дейін: креативті индустриялар цифрлық экономика мен smart city дамуының драйвері ретінде» пленарлық отырысымен жалғасын тапты.

Форум аясында екі бірдей Меморандумға қол қойылды. Жасанды интеллект зертханасын құру және дамыту мақсатында М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті Назарбаев Университеті жанындағы ISSAI Ақылды жүйелер, жасанды интеллект институтымен  және «Alem.ai Foundation» корпоративтік қорымен  өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Меморандумның негізгі мақсаты: Жасанды интеллект (ЖИ) және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (АКТ) саласында жоғары білікті кадрларды даярлау.  Студенттердің цифрлық құзыреттіліктерін дамыту және өзара тиімді байланысты кеңейту.  Қазақстан Республикасының цифрлық экономикасы үшін бәсекеге қабілетті мамандарды қалыптастыру.

Пленарлық отырыста Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова жасанды интеллект пен цифрлық технология жаңа мүмкіндіктерге жол ашатыны туралы ой қозғады. Бұл салада кадр даярлау, білім беру бағдарламаларын жетілдірудің маңыздылығына тоқталды.

М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева цифрлық технология бойынша университеттегі бағдарламалар мен жобалар туралы ақпарат айтып, ЖИ бойынша қолға алынған жобалардың жемісті болуын тіледі.  

Жамбыл облысы әкімдігінің цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Шалхар Амантуров  өңірді цифрландыру бойынша атқарылған жұмыстар туралы ақпаратпен бөлісті. Облыс халқын интернетпен қамтамасыз ету бойынша нәтижелерді айтып, «Ақылды өңір» көрсеткіші бойынша Жамбыл облысы 17 орыннан 11 орынға көтерілді деп мәлімдеді.

Назарбаев Университетінің Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтының (ISSAI) атқарушы директоры Ербол Абсалямов  жасанды интеллект (ЖИ) пен цифрлық технологиялар бойынша мамандар даярлау және заманауи білім беру ортасын құру - мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты екеніне кеңінен тоқталды. Жасанды интеллект модельдерін қазақ тілінде сөйлету, тілдің ерекшеліктерін түсіндіру және аударту бойынша қолға алынған жобалар туралы мәлімет берді. Институт тек Назарбаев университетімен шектелмей, өзге аймақтардағы жоғары оқу орындарымен, соның ішінде М.Х. Дулати атындағы Тараз университетімен бірлескен жобалар жасауды көздейтінін жеткізді.

«Qazinnovations» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Мадияр Абилов ғалымдар мен студенттердің жсанды интеллект саласындағы ғылыми жобаларын нарыққа сай бизнес өнімге айналдырудың маңыздылығын айтып, мемлекеттік гранттар мен қолдаулар туралы ақпарат берді. Отандық IT-стартаптар мен инновациялық жобаларды жетілдіру және өндіріске енгізу үшін «Qazinnovations» тарапынан берілетін мемлекеттік инновациялық гранттар мен қаржылай қолдау тетіктеріне тоқталды.

Astana Hub өңірлік даму офисінің директоры Нұржан Сағындық «Astana Hub» халықаралық технопаркінің мүмкіндіктерін өңірлерге жеткізу, соның ішінде Жамбыл облысында жергілікті IT қоғамдастықты қолдау және дарынды жастарға жағдай жасау мәселесін айтты. Студенттер мен бағдарламашылардың жасанды интеллект және Smart City бағытындағы жобаларын дамыту үшін арнайы оқыту бағдарламалары, инкубациялық кезеңдер мен инвесторлар тарту мүмкіндіктерін түсіндірді.

Пленарлық отырыс «Ақылды өңір: пилоттық жобалардан ауқымды өндіріске дейін» тақырыбында панельдік пікірталаспен жалғасты.

ҮЗДІК СТАРТАПТАР МЕН ЖОБАЛАР АНЫҚТАЛДЫ

Дөңгелек үстел форматында өткен  «Ақылды өңір: пилоттық жобадан ауқымды өндіріске дейін»  панельдік дискуссияда университет ғалымдары, IT-мамандар, сондай-ақ EPAM systems, Aviata.kz, «Банк ЦентрКредит» АҚ, Tomorrow school және өңірлік IT-хаб сарапшылары пилоттық IT-шешімдерді ірі өндірістік секторға енгізу механизмдерін талқылады.

Дискуссиядан кейін форумның  тартысты динамикалық кезеңі –  жас стартапшылар мен инноваторлардың Питч-баттл (Pitch Battle) финалы өтті. Аталған байқауға EdTech, MediaTech, FinTech, GovTech, GameDev, сондай-ақ жасанды интеллект (AI) негізіндегі өнімдерді ұсынған дарынды жастар мен стартап-командалар қатысты. Қатысушылар өз жобаларының бизнес-моделін, коммерциялық әлеуетін, технологиялық жаңалығын және өңірлік экономикаға берер тиімділігін шектеулі уақыт ішінде қорғап шықты. Қазылар алқасының құрамына венчурлық инвесторлар, Astana Hub пен өңірлік IT-хаб өкілдері, облыс әкімдігінің сарапшылары және креативті индустрия көшбасшылары енді. Әділқазылар тарапынан жобалардың бәсекеге қабілеттілігіне, масштабтау мүмкіндігіне және коммерцияландыру деңгейіне жоғары талаптар қойылып, үздік стартаптар анықталды.

Форум аясында өткен байқаулар мен питч-баттл қорытындысы бойынша жеңімпаздарды салтанатты марапаттау рәсімі   23 қазан күні «Баласағұн» орталық концерт залында өтеді.

Тараз қаласында аймақтың креативті экономикасы мен заманауи технологиялар саласын дамытуға бағытталған ең ірі оқиға – «TARAZ CREATIVE INDUSTRIES 2026» Халықаралық форумы өз жұмысын бастады. М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан ауқымды іс-шара бес күнге жоспарланған.

Халықаралық жиын аясында IT технологиялар, кино, сән, дизайн, өнер, жастар бастамалары және креативті кәсіпкерлік салаларының жетекші өкілдері бас қосты. Форумның басты мақсаты – шығармашылық пен инновацияны тоғыстыратын соны идеяларды қолдау, креативті хабтардың даму бағытын айқындау және заманауи жобаларды ілгерілету.

Баласағұн орталық концерт залында салтанатты түрде ашылған іс-шараға келген қонақтар алдымен өнер туындыларының көрмесін тамашалады.

Жиынды Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек құттықтау сөзімен ашып, Дулати университеті бастамасымен жүзеге асқан форум жұмысына сәттілік тіледі. Өз сөзінде министр креативті экономиканың еліміздің болашақ әлеуетін арттырудағы маңызы жоғары екенін атап өтті.

М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева форумның мақсат-міндеті мен тарихи маңыздылығына  кеңінен тоқталды. Өз сөзінде ректор бұл шараның Тараз өңіріндегі шығармашылық әлеуетті жандандыруға және жастардың инновациялық идеяларына қанат бітіруге бағытталғанын атап өтті.

Форумның ресми бөліміне және пленарлық сессияларына елімізге белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, зиялы қауым мен сала мамандары қатысты.

М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті Директорлар кеңесінің Төрағасы Жолаев Рақымбек Қуатбекұлы, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі Баталов Амандық Ғаббасұлы, Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты Нахбаева Гүлісхан Сайфулинқызы, Мемлекет қайраткері  Абдраймов Ғалымжан Райылұлы, Технологияларды коммерцияландыру кәсіпқойлары  альянсының басшысы Орсариев Арын Амангелдіұлы ашылу салтанатында құттықтау сөзін сөйлеп, жаңашылдыққа бастаған форум жұмысының жемісті болуын тіледі.

Пленарлық сессияда зерттеуші, тренер, қоғам қайраткерлері мен креаторлар презентация жасап, тәжірибелерімен бөлісті. Олардың қатарында  Дана Шаяхмет, Ерлан Шуланов, Мирас Дауленов, Айгерім Мусагажинова, Айгүл Ильясова сынды мамандар болды. Спикерлер баяндама жасаумен қатар, жастармен диалог орната отырып қызықты мәліметтермен, қажетті ақыл-кеңестерімен бөлісті.

Айта кетейік, Халықаралық форумның әр күні түрлі бағытқа арналған. Алда IT мамандары мен креативті сала өкілдерінің қатысуымен инновациялық стартаптар сайысы, воркшоптар мен шеберлік сабақтары, кино, сән, дизайн бағыттары бойынша байқаулар мен көрмелер өтеді. Тәжірибелі спикерлер студенттерге өз салалары бойынша құнды мәліметтер беріп, құпияларымен бөліседі.

Бұл апталық – идея алмасу алаңы ғана емес, жас креаторлардың бастамаларын нақты бизнес жобаға айналдыруға жол ашатын мүмкіндік.

 

 

М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің ұжымы әлем чемпионы, студентіміз Юсуф Ашраповты салтанатты түрде қарсы алды.

Чемпионды қарсы алу рәсімінде университет ректоры Ләззат Еркінбаева жеңімпазды жарқын жетістігімен құттықтап, оның жеңісі университет ұжымы мен барша қазақстандықтар үшін зор мақтаныш екенін атап өтті.

Бұл – табандылық пен тынымсыз еңбектің, жігер мен қайсарлықтың жемісі. Юсуфтың жеңісі жастарға үлгі болып, отандық спорттың мерейін асқақтата берсін!

 Юсуф, жеңісің құтты болсын!
Көк туымызды көкте желбіретіп, әлемдік ареналарда Қазақстанның абыройын асқақтата бер!