News

Бүгін М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің профессор-оқытушылар құрамы, қызметкерлері мен студенттері Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына Жолдауын тыңдады.

Биылғы Жолдау «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» деп аталады. Мемлекет басшысы еліміздің алдағы даму бағыттарын айқындап, экономикалық өсім, әлеуметтік тұрақтылық, білім мен ғылымды дамыту және жастардың әлеуетін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударды.

Президент өз сөзінде жаңа технологияларды меңгеру, адами капиталды дамыту, білім сапасын арттыру және бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.

Жолдауда көтерілген бастамалар жоғары білім беру жүйесі үшін де маңызды. Себебі білім мен ғылымды дамыту, инновациялық бастамаларды қолдау және білікті мамандар даярлау – ел болашағының берік негізі.

М. Х. Дулати атындағы Тараз университеті халықаралық білім беру кеңістігіндегі өз орнын нығайтуды жалғастыруда!

2026 жылғы 28 қазанда халықаралық Coursera білім беру платформасында университеттің үшінші жаппай ашық онлайн-курсы (ЖАОК) — «Домбра для начинающих: основы игры» жарияланды. 

Курс авторы — Рысметов Ержан Ходжабергенович, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, М. Х. Дулати атындағы Тараз университетінің «Музыка және көркемдік білім» кафедрасының қауымдастырылған профессоры.

Домбыра — жай ғана музыкалық аспап емес, қазақ халқының ұлттық мәдениетінің, тарихы мен рухани мұрасының символы. Жаңа онлайн-курс жасына, тұрғылықты жеріне және музыкалық дайындық деңгейіне қарамастан, әрбір ниет білдірушіге осы құнды мұрамен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді.

Курстың басты ерекшелігі — ұлттық музыкалық дәстүрлер мен заманауи цифрлық білім беру технологияларының үйлесімді ұштасуы. Бағдарлама жаңадан үйренушілерге арналған және алдын ала музыкалық дайындықты қажет етпей, домбыра тартудың негізгі дағдыларын бастапқы деңгейден меңгеруге мүмкіндік береді.

Үшінші курстың Coursera платформасында жариялануы — университеттің халықаралық онлайн-білім беруді дамыту жолындағы маңызды қадамы. Бұл білім беру ресурстарының қолжетімділігін кеңейтуге, отандық оқытушылардың академиялық әлеуетін халықаралық деңгейде танытуға және қазақ халқының мәдени мұрасын әлемдік білім беру кеңістігінде дәріптеуге ықпал етеді.

Дәстүрімізді сақтаймыз. Мүмкіндіктерді кеңейтеміз. Қазақ мәдениетін әлемге танытамыз!

2026 жылғы 27 қазанда «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында Әлеуметтік-мәдени жұмыс департаменті мен Су ресурстарын қорғау және пайдалануды реттеу жөніндегі Шу-Талас бассейндік су инспекциясының ұйымдастыруымен «Суды үнемде, болашақты сақта» атты танымдық кездесу өткізілді.

Іс-шараны модератор ретінде Әлеуметтік-мәдени жұмыс департаментінің маманы Мамедалиев Ербол Илясұлы жүргізді.

Кездесудің негізгі мақсаты – су ресурстарын қорғаудың маңыздылығын түсіндіру, суды тиімді әрі ұтымды пайдалану мәдениетін қалыптастыру, экологиялық сауаттылықты арттыру және қоршаған ортаға деген жауапкершілікті нығайту.

Танымдық іс-шараға спикер ретінде Су ресурстарын қорғау және пайдалануды реттеу жөніндегі Шу-Талас бассейндік су инспекциясы,Су қорын қорғау бөлімінің басшысы -  Жүнісбеков Ербол Айтбекұлы, Су ресурстарының мониторингі, мемлекеттік есепке алу және кадастр бөлімінің бас маманы -  Сәрсенбеков Қармыс Болатұлы, Әлеуметтік-мәдени жұмыс департаментінің жетекші маманы -  Алпысбаев Бақтияр Қаржаубайұлы қатысып, өздерінің кәсіби тәжірибелерімен бөлісті.

Спикерлер су ресурстарын қорғаудың өзектілігіне тоқталып, суды үнемді пайдаланудың маңыздылығын түсіндірді. Сондай-ақ студенттер тарапынан сұрақтар қойылып, су қорын сақтау – тек сала мамандарының ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті екені атап өтілді.

Іс-шара барысында су ресурстарын қорғау, су қорын сақтау, су ресурстарының мониторингі, мемлекеттік есепке алу және кадастр жүргізу мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар суды үнемді пайдалану, табиғи ресурстарды тиімді басқару және су тапшылығының алдын алу бағытындағы маңызды мәселелерге назар аударылды.

Су – тіршілік көзі. Әр тамшыны бағалайық, суды үнемдейік, болашақты бірге сақтайық!

2026 жылғы 27 қазанда М.Х. Дулати атындағы Тараз университетіне Өзбекстан Республикасының Жизақ политехникалық институтының профессор-оқытушылар құрамының делегациясы жұмыс сапарымен келді.

Делегация құрамында тоқыма технологиялары кафедрасының меңгерушісі, техника ғылымдарының докторы, доцент Бектош Баходирович Дониёров, техника ғылымдарының докторы, доцент Хуршид Хазраткулович Юлдошев, техника ғылымдарының докторы, доцент Диёр Бахриддин угли Шамиев және техника ғылымдарының докторы, доцент Уралбек Канкел угли Жабборов болды.

Сапардың мақсаты – халықаралық ғылыми-білім беру ынтымақтастығын нығайту, академиялық ұтқырлықты дамыту, кәсіби тәжірибе алмасу және бірлескен ғылыми зерттеулердің перспективаларын кеңейту.

Сапар аясында шетелдік ғалымдар университеттің Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректоры М.Н. Мұсабековпен, «Инженерия және тұрақты даму» жоғары мектебінің басшылығымен және «Тоқыма, материалтану және стандарттау» кафедрасының профессор-оқытушылар құрамымен кездесті.

Кездесу барысында академиялық әріптестікті дамыту, бірлескен ғылыми-білім беру жобаларын іске асыру және ғылыми жарияланымдар дайындау мәселелері талқыланды.

Қонақтар «Жеңіл өнеркәсіп инжинирингі» ғылыми-зерттеу зертханасының жұмысымен, Erasmus+ REILEAP және TEX4FUTURE халықаралық жобалары аясында құрылған «Өрнек» (кілем тоқу) және «Шебер» оқу-ғылыми-өндірістік учаскелерінің, сондай-ақ Shoe Center және Textile Design Center білім беру орталықтарының қызметімен танысты.

Жұмыс сапары Қазақстан мен Өзбекстан университеттері арасындағы халықаралық академиялық әріптестікті нығайтуға, ғылыми байланыстарды кеңейтуге және бірлескен білім беру мен зерттеу қызметін дамытуға бағытталған маңызды қадам болды.

М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінде студент жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру және қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру мақсатында «Заң мен тәртіп: студент жастардың құқықтық жауапкершілігі мен қауіпсіз мінез-құлық мәдениеті» тақырыбында ашық дәріс өтті.

Жиынды «Азаматтық құқық және процесс» кафедрасының меңгерушісі Роза Ережепқызы ашып, студенттерді белсенді болуға шақырды. Дәрісте Жамбыл облысы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының аға инспекторы, полиция капитаны Ибрагим Еркебұлан Талғатұлы жастар арасындағы қылмыстың алдын алу мақсатында ең өзекті мәселелерді ортаға салды.

Тәртіп сақшысы алдымен студенттер арасында жиілеп кеткен интернет-алаяқтыққа, яғни дропперлік қаупіне тоқталды. Алаяқтар жастардың аңғалдығын пайдаланып, белгілі бір пайыз үшін күмәнді ақша аударымдарын жасатады. Мұндай жеңіл табысқа қызыққандар қылмыс делдалы болып, жауапкершілікке тартылатындықтан, кез келген күмәнді әрекет кезінде бірден «102» желісіне хабарлау қажеттігі ескертілді. Сонымен қатар, жастар арасындағы үлкен мәселенің бірі – лудомания (құмар ойындар мен ставкалар) мәселесі де кеңінен талқыланды.

Спикер дәріс барысында  түнгі уақытта заңды өкілсіз жүрген 8 400-ден астам жасөспірімнің полицияға жеткізілгенін айтты. Бұл қадам жастардың еркіндігін шектеу үшін емес, қауіпсіздіктерін қамтамасыз ету үшін жасалатынын тілге тиек етті. Жол қауіпсіздігіне тоқталған спикер көлікті куәліксіз басқаруға ірі көлемде (216 000 – 250 000 теңге) айыппұл салынатынын, ал мас күйде рөлге отыру 15 тәулікке қамау мен 7 жылға жүргізуші куәлігінен айыру жазасын жүктейтінін айтты. Сондай-ақ, желідегі кибербуллинг дерегінің былтырғы 18-ден биыл 46-ға өскені, жалған ақпарат таратып, жала жапқандарға заң шеңберінде айыппұл қарастырылғаны ескертілді.

Ашық дәріс соңында студенттер өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, полиция қызметкерінен тұшымды жауаптар алды. Спикер болашақта полиция қатарында қызмет еткісі келетін жастарға нағыз тәртіп сақшысының бойында шыдамдылық, сабырлық және төзімділік секілді қасиеттер болуы керектігін айтып, оларды заңға бағынуға және қауіпсіздік мәдениетін бірге қалыптастыруға шақырды.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕГІ PHD ДИССЕРТАЦИЯСЫН СӘТТІ ҚОРҒАДЫ

23 қазан күні М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті жанындағы диссертациялық кеңесте маңызды ғылыми оқиға орын алды.

8D072 – «Өндірістік және өңдеу салалары» даярлау бағыты бойынша құрылған кеңесте Байділдаева Әсел Қуанышқызы 8D07211 – «Былғары бұйымдарының индустриясы» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін жазған диссертациялық жұмысын ағылшын тілінде үздік қорғап шықты.

Бұл зерттеу жұмысы отандық былғары өндірісі мен өңдеу саласын заманауи технологиялық тұрғыдан дамытуға бағытталған өзекті қадамдардың бірі. Қорғау процесінің ағылшын тілінде өтуі Дулати университетінің халықаралық білім және ғылым кеңістігіндегі жоғары әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Ғылыми зерттеудің жоғары сапасын қамтамасыз етуге отандық және шетелдік жетекші ғалымдардан құралған топ атсалысты.

Ғылыми кеңесшілер:

  • Джиембетова Индира Сагадуллаевна – PhD доктор, қауымдастырылған профессор, М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті
  • Хусейн Ата Каравана – PhD доктор, профессор, Эге университеті (Измир қ., Түркия).

Диссертациялық жұмысқа әлемдік деңгейдегі танымал шетелдік сарапшылар ресми рецензия беріп, оның ғылыми құндылығын жоғары бағалады.

Ресми рецензенттер:

  1. Виктор Джон Сундар – PhD, профессор, Үндістан Орталық былғары зерттеу институты (Ченнай қ., Үндістан).
  2. Мд Абул Хашем – PhD, профессор, Хулна инженерлік-технологиялық университеті (Кхулна қ., Бангладеш).

Диссертациялық кеңес мүшелері мен рецензенттер ізденушінің ғылыми шешімдері мен теориялық тұжырымдарын бірауыздан қолдап, жоғары баға берді.

М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің ұжымы Әсел Қуанышқызын және оның ғылыми жетекшілерін диссертациялық жұмыстың сәтті қорғалуымен шын жүректен құттықтайды! Жаңа өндірістік технологияларды дамыту жолындағы ғылыми ізденістеріңізге сәттілік, шығармашылық шабыт және жаңа кәсіби белестер тілейміз!

 

 

Тараз қаласында аймақтың креативті экономикасы мен заманауи технологиялар саласын дамытуға бағытталған ең ірі оқиға – «TARAZ CREATIVE INDUSTRIES 2026» Халықаралық форумы өз жұмысын қорытындылады. М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің ұйымдастыруымен бес күн бойы өткен бұл ауқымды іс-шара шығармашылық пен инновацияны тоғыстыратын соны идеялар алаңына айналды. Ауқымды жиын аясында IT технологиялар, кино, сән, дизайн, өнер және креативті кәсіпкерлік салаларының жетекші өкілдері, елімізге белгілі қоғам қайраткерлері мен халықаралық сарапшылар бас қосты.

 «Баласағұн» орталық концерт залында салтанатты түрде ашылған форумның алғашқы күні өнер туындыларының көрмесімен басталды. Жиынның ашылуында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек онлайн форматта құттықтау сөз сөйлеп, креативті экономиканың еліміздің болашақ әлеуетін арттырудағы маңызы жоғары екенін атап өтті. Дулати университеттің Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева бұл шараның Тараз өңіріндегі шығармашылық әлеуетті жандандыруға және жастардың инновациялық идеяларына қанат бітіруге бағытталғанын жеткізді. Сондай-ақ, ашылу салтанатында Рақымбек Жолаев, Амандық Баталов, Гүлісхан Нахбаева, Ғалымжан Абдраймов және Арын Орсариев сынды мемлекет және қоғам қайраткерлері сөз сөйлеп, форум жұмысына сәттілік тіледі. Пленарлық сессияда Дана Шаяхмет, Ерлан Шуланов, Мирас Дауленов, Айгерім Мусагажинова және Айгүл Ильясова секілді белгілі креаторлар мен зерттеушілер жастармен тікелей диалог орнатып, құнды тәжірибелерімен бөлісті.

Цифрлық экономика және Жасанды интеллект бағыты

 Ауқымды жиынның екінші күні цифрлық экономика мен «Smart city» дамуына арналды. Бұл бағытта М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті маңызды қадам жасап, Назарбаев Университеті жанындағы ISSAI Ақылды жүйелер, жасанды интеллект институтымен және «Alem.ai Foundation» корпоративтік қорымен өзара ынтымақтастық туралы екі бірдей Меморандумға қол қойды. Негізгі мақсат – жасанды интеллект және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында жоғары білікті кадрлар даярлау.

Жиын барысында Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова онлайн байланысқа шығып, аталмыш жиынның маңыздылығын айтып, білім беру бағдарламаларын жетілдіру бойынша ойымен бөлісті. Жамбыл облысының цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Шалхар Амантуров өңірдің «Ақылды өңір» көрсеткіші бойынша 17-орыннан 11-орынға көтерілгенін мәлімдеді. Тілдік модельдерді қазақша сөйлету жобаларымен бөліскен ISSAI атқарушы директоры Ербол Абсалямов жастардың жобаларға қатысу белсенділігі туралы айтты. «Qazinnovations» АҚ өкілі Мадияр Абилов мемлекеттік гранттар туралы ақпарат берсе, өңірлік IT-хабтарды қолдау тетіктерін түсіндірген «Astana Hub» директоры Нұржан Сағындық цифрлық экожүйені дамытудың өзекті мәселелерін ортаға салды.

Стартаптар додасы: Pitch Battle

«Ақылды өңір: пилоттық жобадан ауқымды өндіріске дейін» атты панельдік дискуссияда EPAM systems, Aviata.kz, «Банк ЦентрКредит» АҚ, Tomorrow school сарапшылары бас қосып, IT-шешімдерді өндіріске енгізу тетіктерін талқылады. Кейін жас стартапшылар мен инноваторлардың «Pitch Battle» финалы болды. EdTech, MediaTech, FinTech, GovTech, GameDev және жасанды интеллект бағытында жоба әзірлеген дарынды жастар өз бизнес-модельдерін қорғап шықты. Венчурлық инвесторлар мен сарапшылардан жасақталған қазылар алқасы жобалардың бәсекеге қабілеттілігі мен коммерцияландыру деңгейіне   баға берді.

«SHABYT» фестивалі: Өнерлі жастар үні

Форум аясында ұйымдастырылған тағы бір мәдени алаң – республикалық «SHABYT» шығармашылық фестивалі еліміздің 7 өңірінен келген 11 жетекші жоғары оқу орнының басын қосты. Студенттер вокал және хореография бағыттары бойынша жанды дауыста және ұлттық нақышта өнер көрсетті.

Тартысты доданың нәтижесінде  хореография бағыты бойынша ұлттық биден Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті I орынды иеленсе,  М.Әуезов атындағы оңтүстік Қазақстан университетінің бишілері гран-приді жеңіп алды. Заманауи би бойынша Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институты I орынды иеленсе, Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университетінің өнерпаздары бас жүлдені жеңіп алды. Вокал бағытында «Тұран-Астана» университетінің студенті Дінмұхаммед Қолдас қарсыластарынан басым түсіп I орынды иеленсе, А. Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің өнерпазы Нұрай Көдербекова бас жүлдені жеңіп алды. Жеңімпаздар арнайы грамоталармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Шығармашылық шеберліктерін сынаған дарынды жастардың өнерін елімізге белгілі мәдениет және өнер саласының мамандарынан құралған қазылар алқасы саралады. Вокал бағыты бойынша Айгүл Мақашева мен Ғани Мәтебаев қазылық етсе, хореография бағыты бойынша Қуат Тәукеев, Айжан Нұрманалиева және Айжан Қонарбаева студенттердің өнерін бағалады.

 «DULATY – FASHION DAY»: Сән мен ұлттық мұра үндестігі

Форумның төртінші күні «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінде «DULATY – FASHION DAY» атты I Халықаралық сән, дизайн және өнер фестивалі алауын жақты. Өнер додасына Қазақстаннан бөлек Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Беларусь және Молдова елдерінен, жалпы алғанда 30 жоғары оқу орнының шеберлері қатысты.

Ректор Ләззат Еркінбаева бұл шараның отандық сән индустриясын әлемдік деңгейде насихаттау алаңы екенін ерекше атап өтті. Байқау аясында «Этникалық жанрдағы костюм», «Pret-a-porter», «Авангардтық костюм», «Кешкі сәндік киім», «Эко-сән» және «Fashion Accessories» номинациялары бойынша үздік дизайнерлік жұмыстар көпшілік назарына ұсынылды.

Жеңімпаздарды ұлықтау

Бес күнге созылған думанды да мазмұнды апталықтың қорытынды күні Дулати университетінің бас ғимаратында жеңімпаздарды салтанатты марапаттау рәсімімен аяқталды. Салтанатты жиында Питч-баттл финалының үздік инновациялық стартап жобалары, «SHABYT» фестивалінің хореография және вокал бағыттарындағы үздіктер, сондай-ақ қысқаметражды фильмдер байқауының жеңімпаздары, «Көркем шығармашылық», «Сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары» және «Сән және костюм дизайны» номинацияларының халықаралық деңгейдегі жеңімпаздары марапатталды.

«TARAZ CREATIVE INDUSTRIES 2026» халықаралық форумы тек идея алмасу алаңы ғана емес, жас креаторлардың бастамаларын нақты бизнес жобаға айналдыруға даңғыл жол ашқан маңызы зор шара.

 

Креативті индустрия форумының 4-күні  М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің ұйымдастыруымен «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінде «DULATY – FASHION DAY» атты I Халықаралық сән, дизайн және өнер фестивалі өтті.

Фестивальдің негізгі мақсаты – сән, костюм дизайны, көркем және сәндік-қолданбалы өнер салаларындағы шығармашылық әлеуетті таныту, ұлттық мұра мен заманауи дизайнды ұштастыру, сондай-ақ отандық және халықаралық дизайнерлер арасындағы кәсіби байланысты нығайту. Сән көрсетілімінің салтанатты ашылуында Дулати университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева сөз алып, фестивальдің мән-маңызын айтты. Халықаралық дода  шеберлер арасындағы бәсеке ғана емес, ең бастысы тәжірибе алмасу, жаңа серіктестік байланыстар орнату және отандық сән индустриясын әлемдік деңгейде насихаттау алаңы екенін тілге тиек етіп, барша қатысушыларға сәттілік тіледі. 

Іс-шараға Қазақстанның әр өңірінен және шетелден келген жоғары оқу орындарының өкілдері, дизайнерлер, суретшілер, сән индустриясының мамандары мен шығармашылық қауымдастық мүшелері қатысты. Еліміздің жоғары оқу орындарынан бөлек Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Беларусь, Молдова елінен келген барлығы 30 жоғары оқу орнының өнерпаздары аталмыш өнер додасында бақ сынады.

Фестиваль бағдарламасы аясында көркем шығармашылық және сәндік-қолданбалы өнер бойынша халықаралық байқаулар ұйымдастырылып, сән және костюм дизайны бағытындағы қатысушылардың шығармашылық жұмыстары көпшілік назарына ұсынылды.

Сән және костюм дизайны бойынша халықаралық байқау бағдарламасында «Этникалық жанрдағы костюм», «Pret-a-porter», «Авангардтық костюм», «Кешкі сәндік киім», «Эко-сән» және «Fashion Accessories» номинациялары бойынша сән көрсетілімдері өтті.

Қазылар алқасының құрамына дизайн, өнер және сән саласының мамандары енді. Қатысушылардың шығармашылық жұмыстары бағаланып, қорытындысы ертең Taraz Creative Industries 2026 Креативті индустриялар форумының марапаттау жиынында белгілі болмақ.