News

2026 жылдың 8 қазанында «Dulaty college» қабырғасында «Заң және Тәртіп»қағидаты аясында, студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыру және өзара сыйластық мәдениетін қалыптастыру мақсатында  «Жасөспірімдер арасындағы буллинг және кибербуллинг» тақырыбында ауқымды құқықтық-ақпараттық кездесу өтті.

«Dulaty college»  педагог-психологы Берденова Айнұр Сахқызы алғы сөз алып,кездесуге шақырылған қонақтарды таныстырып,  іс-шараның мақсат-міндетін айқындады.

Қазіргі цифрлық заманда буллинг пен кибербуллинг  тек шынайы өмірде емес, әлеуметтік желілерде де жиі кездеседі. Сондықтан әрбір жастың өз құқығын біліп, өзгенің ар-намысына құрметпен қарауы — қоғамның басты талабы. Кездесуге арнайы шақырылған арнайы сала мамандары маңызды тақырыптарды талқылауға салды.

Тараз қаласы прокуратурасының аға прокуроры Сапахова Гульназ Нұржанқызы –  «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың заңдық салдары мен жауапкершілігі» туралы сөз қозғады. 

Жамбыл облысы әкімдігінің Білім басқармасы, облыстық психологиялық қолдау орталығының әдістемелік бөлім басшысы Байдаулетова Торгын Турсыналиевна«Буллингсіз болашақ!» тақырыбында  баяндама жасап:Болашақтың жарқын жолы баршамыздың ортақ міндетіміз екенін айқындады.

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің Әлеуметтік-мәдени жұмыс департаментінің директоры Ұлтанбаев Арнат Бегдалыұлы : Әрбір адамның ар-намысы мен қадір-қасиеті құрметтелуге тиіс. Ал біреуді қорлау, кемсіту, қорқыту немесе оған психологиялық қысым көрсету – адамның жеке тұлға ретінде қалыптасуына кері әсер ететін әрекеттер екенін нақты атап көрсетті.

«Студенттердің психикалық денсаулығы буллинг пен харасментке қарсы орталығы» басшысы Саменова Гулжамал Кайратовна— «Қорлауға емес, қолдауға қадам жаса» тақырыбында студенттердің психологиялық саулығы мен қауіпсіздігіне тоқталып өтті.

Шара барысында студенттер тақырыптық бейнеролик тамашалап, көкейкесті сұрақтарына жауап алды.

 

М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева ХХ Азия ойындары мен әлем чемпионаттарында жүлделі орындарға ие болған спортшылармен кездесіп, оларды жеңістерімен құттықтады.

Кездесу барысында Басқарма Төрағасы - Ректор спортшылардың халықаралық додаларда жоғары нәтиже көрсетіп, университеттің абыройын асқақтатып жүргенін атап өтті. Әрбір жеңістің артында үлкен еңбек, табандылық пен қажырлы дайындық жатқанын айтып, студенттерге алғыс білдірді.

Сонымен қатар жеңімпаз студенттерге арнайы марапаттар табысталды.

Университет ұжымы жас спортшыларымыздың жетістіктерін мақтан тұтады. Алдағы жарыстарда да биік белестерді бағындырып, жаңа жеңістерге жете беріңіздер!

Қазан айы Дулати  студенттері үшін ерекше сән-салтанатпен және жарқын эмоциялармен басталды!

М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті биыл 1-курс студенттерін жаңа форматта, көңілді толқын ырғағымен қарсы алды.

DULATY WAVE  студенттерді қарсы алу кешінде университеттің Басқарма Төрағасы – ректор Ләззат Еркінбаева 1-курс студенттерін жастық шақтың жаңа кезеңі – студент атануларымен құттықтады. Биыл үш мыңнан аса студент қабылданғанын айтып, білім, ғылым жолында сәттілік тіледі.

Жоғары мектептер арасында ұйымдастырылған  шығармашылық байқау кешті қыздыра түсті. Алты жоғары мектептің талантты жастары арнайы сахналық қойылым көрсетіп, өзара бақ сынады. Педагогика және психология жоғары мектебі жеңіске жетіп, DULATY WAVE  кубогін жеңіп алды.

Тараз-Арена төрінде өткен кеште қазақ эстрадасының жарық жұлдызы, жастардың сүйікті әншісі Мирас Жүгінісов ән айтып, ұмытылмас көңіл-күй сыйлады. Дулати студенттері әншінің танымал әндерін бірге шырқап, көңілді кештің шырайын аша түсті.

DULATY WAVE – бұл жай ғана концерт емес, жаңа таныстық пен студенттік өмірдің алғашқы ұмытылмас сәттері!

5 қазан – Ұстаздар күніне орай М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінде профессор-оқытушылар құрамына арналған мерекелік іс-шара өтті.

Мерекелік жиында университеттің Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева ұстаздар қауымын кәсіби мерекесімен құттықтап, білім мен ғылымды дамытудағы, жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі еңбектерінің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар университеттің даму жолында аянбай еңбек етіп, оқу орнының өркендеуіне елеулі үлес қосқан барша оқытушыларға алғысын білдірді.

Салтанатты шара барысында университеттің дамуына елеулі үлес қосқан, өз ісіне адалдық пен жоғары кәсібиліктің үлгісін көрсетіп жүрген бірқатар оқытушылар марапатталды.

Ұстаз еңбегіне көрсетілген құрмет – білім мен ғылымға, болашаққа көрсетілген құрмет.

Мерекелік кеш талантты жастардың шығармашылық концертімен жалғасты. Өнерлі студенттер ұстаздарға арнап әннен шашу шашып, мың бұрала билеп, мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Барша ұстаздарға еңбектеріңіз жемісті, шәкірттеріңіз білімді де білікті, абыройларыңыз асқақ болсын!

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің ұйымдастыруымен бүгін 2-қазан күні «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенде «БАЙСАЛОВ ОҚУЛАРЫ – 2026» Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өз жұмысын бастады.

Аталған конференция Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруы аясында қаржыландырылатын ИРН BR24993047 «Жер қатынастарын реттеудің заманауи сын-қатерлері: тарихи-құқықтық талдау» ғылыми бағдарламасын іске асыру шеңберінде ұйымдастырылды.

Тараз қаласында тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған «БАЙСАЛОВ ОҚУЛАРЫ»  Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы биыл «Жаңа Конституция және Қазақстанның тұрақты дамуы: жер қатынастарын реттеудің құқықтық, әлеуметтік-экономикалық және экологиялық басымдықтары» тақырыбында өтуде.

Халықаралық конференция Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген заңгері, заң ғылымдарының докторы, профессор Сағындық Байсалұлын еске алу және оның отандық заң ғылымына қосқан үлесін ұлықтау мақсатында ұйымдастырылып отыр. Шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері, отандық және шетелдік жетекші ғалымдар, заңгерлер, экологтар қатысты.

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің ректоры Ләззат Еркінбаева алғы сөзбен конференцияны ашып, ғалымның өмір жолы мен еңбегіне тоқталды. Сағындық Байсаловтың шәкірті ретінде ұстаздан терең біліммен қатар, адалдық, еңбекқорлық пен жауапкершілік сынды құнды қасиеттерді де бойына сіңіргенін айтты.

Алқалы жиында Жаңа Конституция аясындағы жер қатынастарын құқықтық реттеу, еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз етудің әлеуметтік-экономикалық тетіктері мен экологиялық қауіпсіздік мәселелері кеңінен талқыланды. Халықаралық конференцияда ғалымдармен қатар, ҚР Құрылтайының депутаттары, заң саласының мамандары баяндама жасады.

Түрлі сала мамандары бас қосқан жиында заң, құқық бағытында жарық көрген ғылыми еңбектердің тұсаукесер салтанаты өтті.

Ғылыми-практикалық конференция Дулати университеті қабырғасында профессорлар мен студенттердің «Ашық диалог» форматында кездесумен жалғасты.

Сұхбат алаңында заң ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Бақытжан Жарылқасынұлы, заң ғылымдарының докторы, профессор, Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Жұмагелді Сәкенұлы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті конституциялық және азаматтық құқық кафедрасының қауымдастырылған профессоры, заң ғылымдарының докторы, доцент Сәбигүл Жанабайқызы студенттердің сұрақтарына жауап берді.

Студенттер Сағындық Байсалұлының ғылыми бағыты, ғалымдардың еңбек жолы, заң мен жасанды интеллект, жетістікке жету жолы мен нарықта сұранысқа ие маман болу тақырыптарында сұрақтарын қойып, жауап алды. Ғалымдар өз еңбек жолдарын айтып, тәжірибелерімен бөлісті, жастарға қажетті ақыл-кеңестерін берді.

Ашық диалог аясында жас ғалымдар арасында жарияланған байқаудың нәтижесі қорытындыланды. Студенттер, магистранттар мен докторанттар бақ сынаған білім додасында жеңімпаздар дипломдармен марапатталып, қаржылай сыйлықтар табысталды.

 

1-қазан – Халықаралық қарттар күніне орай М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің ардагер ұстаздарына ерекше құрмет көрсетіліп, мерекеге орай салтанатты жиын  өтті.

Ардагер ұстаздарды университеттің Аппарат басшысы Мирас Бақытжанұлы құттықтап, ұстаздардың оқу ордамыздың дамуына қосқан елеулі үлестеріне тоқталды. Шәкірт тәрбиелеп, білім берген ардагер ұстаздардың орны әрдайым бөлек екенін айтып, ерен еңбек жоғары бағаланатынын тілге тиек етті. Университеттің дамуына айтулы үлес қосқан ұстаздар қауымына ректордың Алғыс хаты табысталды.

Ардақты ұстаздар, ардагерлер құрметіне ақ дастархан жайылды. Дарынды жастар арнайы концерттік бағдарлама әзірлеп, өнер көрсетті.

Құрметке кенелген ардагерлер қауымы өз ризашылықтарын білдіріп, жастарға ақ батасын берді.

М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің студенті Айбек Оралбай бокстан Азия чемпионатында топ жарып, чемпион атанды! 

Бұл – тынымсыз еңбектің, табандылықтың және жеңіске деген жігердің жемісі.

Айбекті жеңісімен құттықтаймыз! Университетіміздің абыройын биікке көтеріп, көк туымызды көкке көтере бер! 

Жеңісің құтты болсын, Айбек! Жаңа белестерде сәттілік! 

2026 жылғы 1 қазанда М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің «Инженерия және тұрақты даму» жоғары мектебінің «Текстиль, материалтану және стандартизация» кафедрасының ұйымдастыруымен «Текстиль және сапа» студенттік ғылыми үйірмесі аясында «Ұлттық мұра – заманауи өнім: басқұр тоқу технологиясын жаңғырту» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – қазақ халқының дәстүрлі тоқыма өнерінің бірі болып саналатын басқұр тоқу технологиясының тарихи-мәдени және технологиялық ерекшеліктерін таныстыру, ұлттық мұраны жастар арасында насихаттау және дәстүрлі қолөнерді заманауи тоқыма өндірісі мен дизайн бағыттарымен ұштастыру мүмкіндіктерін талқылау.

Дөңгелек үстелдің ашылуында «Текстиль, материалтану және стандартизация» кафедрасының меңгерушісі Л.Х. Юсупова сөз сөйлеп, ұлттық қолөнерді жаңғырту мен оны жас ұрпаққа насихаттаудың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар дәстүрлі тоқыма өнерін ғылыми тұрғыдан зерттеу, оның технологиялық ерекшеліктерін заманауи өндіріс талаптарымен байланыстыру және ұлттық құндылықтарды білім беру үдерісінде дәріптеу қажеттігін атап өтті.

Іс-шараға кафедраның профессор-оқытушылар құрамы қатысып, ұлттық қолөнерді зерттеу, сақтау және заманауи технологиялармен сабақтастыру бағытындағы пікірлерімен бөлісті. Дөңгелек үстелді ұйымдастырушы, «Текстиль және сапа» студенттік ғылыми үйірмесінің жетекшісі, кафедраның қауымдастырылған профессоры Ж.С.Рахманова кездесудің мазмұны мен мақсатына тоқталып, қатысушыларды ұлттық тоқыма өнерінің ерекшеліктерімен таныстырды.

Дөңгелек үстелге Тараз қаласындағы М.Жұмабаев атындағы №21, №26, Ө.Жолдасбеков атындағы №50 орта мектептердің оқушылары көркем еңбек пәнінің мұғалімдері Д.У.Мажилисова, Д.С. Толымбекова, Ф.А.Нуралиеваның жетекшілігімен қатысып, ұлттық тоқыма өнеріне деген қызығушылықтарын танытты.

Кездесу барысында оқушыларға басқұрдың қазақтың дәстүрлі тұрмысындағы орны, оның қолданылу ерекшеліктері, тоқу технологиясы, қолданылатын жіп түрлері, өрнек композициясы және бұйымның эстетикалық әрі функционалдық қасиеттері туралы ақпарат берілді.

Іс-шара барысында кафедра консультанттары А.Ажимова мен Ж.Әбзелбекова қатысушыларға басқұр тоқу технологиясын жан-жақты түсіндіріп, оның орындалу ерекшеліктерін іс жүзінде көрсетіп берді. Олар дәстүрлі тоқу әдістерін, жіптерді таңдау мен өрнектерді орналастыру тәсілдерін таныстырып, басқұр бұйымын дайындаудың технологиялық кезеңдерін көрсетті. Практикалық таныстырылым барысында мектеп оқушылары ұлттық қолөнердің қыр-сырымен танысып, басқұр тоқу өнеріне деген қызығушылықтарын арттырды.

Шара барысында студенттер басқұр тоқудың дәстүрлі технологиялық кезеңдерін таныстырып, ұлттық ою-өрнектердің құрылымын, түстер үйлесімін және композициялық ерекшеліктерін түсіндірді. Сонымен қатар дәстүрлі технологияны қазіргі заманғы интерьер дизайнында, сәндік-қолданбалы өнерде және заманауи тоқыма бұйымдарын өндіруде қолдану мүмкіндіктері талқыланды.

Дөңгелек үстел оқушылардың ұлттық қолөнерге деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, студенттердің ғылыми-зерттеу, шығармашылық және жобалық жұмыс дағдыларын дамытуға мүмкіндік берді. Қатысушылар басқұр тоқу технологиясын сақтап, оны заманауи талаптарға бейімдеудің маңыздылығы жөнінде өз пікірлерін білдірді.

Іс-шара соңында оқушылар мен студенттер арасында пікір алмасу ұйымдастырылып, ұлттық тоқыма өнерін зерттеу, сақтау және оны инновациялық бағытта дамыту бойынша ұсыныстар айтылды. Кездесу қорытындысында мектеп мұғалімдеріне алғыс білдіріліп, сертификаттар табысталды.

«Ұлттық мұра – заманауи өнім» тақырыбындағы бұл кездесу дәстүрлі мәдени құндылықтарды қазіргі технологиялармен сабақтастыра отырып, ұлттық қолөнердің жаңа қырларын танытуға бағытталған маңызды ғылыми-танымдық іс-шара болды. Осындай тағылымды кездесулер ұлттық мұраны дәріптеуге, жас ұрпақтың шығармашылық әлеуетін дамытуға және дәстүрлі өнердің заманауи тоқыма индустриясындағы мүмкіндіктерін кеңінен танытуға ықпал етеді.

Ұйымдастырушылар: «Текстиль және сапа» студенттік ғылыми үйірмесінің жетекшілері «Текстиль, материалтану және стандартизация» кафедрасының қауымдастырылған профессоры  Ж.С.Рахманова,  аға оқытушы Р.Д.Абутова